Құрманғазы аграрлы – техникалық колледжі бұрынғы №188 Ауылшаруашылығын механикаландыру училищесі 1961 жылы 2 қазанда ММС базасында құрылған. Колледж орта біліммен қатар арнаулы орта кәсіптік білім беретін, жастарды кәсіби даярлайтын және қайта даярлайтын аймақтық оқу орны болып табылады. 2012 жылы 4 маусымда «Құрманғазы аграрлы – техникалық колледжі» мемлекеттік мекемесі болып қайта аталып өзгертілді. Колледж миссиясы «Кең құзіретті, әрі озық, ілгері білімі бар бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау, техникалық және кәсіптік білім берудің тиімді жүйесін құру».

Қазіргі заман талабына сай қоғамда колледж имиджін арттыру жұмыстарын жүргізу мақсатында оқу орны мен оқу үрдісін ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Оқу үрдісінде 72 компьютер, 7 интерактивті тақта, 14 мультимедиалық проектор, 2 автожаттықтыру қондырғылары, пісіру тренажеры, теңгеру – диагностикалау қондырғылары қолданылады.

Құнды заттар мен студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін колледж территориясы мен оқу қабаттары, жатақхана бейне бақылау жүйесіне қосылған. Колледж ұстаздары студенттердің білім сапасын арттыруда оқу үрдісінде ақпараттық технолгияны қолдану арқылы игі нәтижелерге жетуде. Соның бірі автоматтандырылған тестілеу жүйесі. Осы жүйе арқылы тестіге дайындалып, мемлекеттік тест кезінде оқу нәтижелерге жетіп жүр.

Колледжде 39 инженер – педагог қызметкерлер жұмыс жасайды, олардың 37– сі жоғары білімді. Колледж бойынша инженер – педагог қызметкерлердің жалпы сапалық құрамы 38,4% құрайды. Колледжде мамандар даярлау ісі ауылшаруашылық мамандарын дайындауға негізделген. Сонымен қатар аудандық кәсіпорындар мен мекемелерге өндірістік кооперативтерге, шағын және орта бизнес салаларына қажетті мамандар дайындау үшін жүргізілген мониторинг қорытындысына сай және аудан экономикасының ерекшеліктеріне байланысты жүргізіледі.

Құрманғазы аграрлы – техникалық колледжінде ауыл шаруашылығына қажетті мамандар даярлау мақсатында Фермер шаруашылығы мамандығы ашылып, оқытылып келеді. Бұл мамандық бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік білім беру стандарттарына сай бағдарламамен ауылшаруашылығы мамандары даярланып, тракторист – машинист, автокөлік жүргізуші, слесарь жөндеуші кәсіптерін алып шығады. Жақсы жабдықталған теориялық кабинеттер, лабораториялық зертханалар автотренажерлар мен ауылшаруашылығы тракторлары мен автокөліктері және әртүрлі маркадегі ауылшаруашылық машиналары оқу үрдісіне пайдаланылады. Студенттердің кәсіптік практикалары аудан көлеміндегі мекемелерде өткізіледі. Автокөлік жүргізушісі мамандығы бойынша студенттер автокөлік жүргізушісі мамандығымен қоса автокөлік жөндеуші мамандықтарын да алып шығады. Олар теориялық білімдерін практикамен ұштастыру мақсатында колледжде жақсы жабдықталған автотренажер кабинеті, автокөліктерге техникалық күтім зертханасы және автополигон жұмыс жасайды.

Электрмен және газбен пісіруші мамандығы аудан тұрғындарының сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында ашылған мамандық. Бұл мамандық бойынша колледжде материалдық база жақсы жабдықталған. Студенттердің практикалық дағдысын қалыптастыруға толық жағдай жасалған. Электрмен пісіру шеберханасы, газбен пісіру шеберханалары соңғы үлгідегі құрал – жабдықтармен жабдықталып, оқу үрдісінде пайдаланып келеді.

Электронды есептеу машинасы және бағдарламалармен қамтамасыз ету мамандығы бойынша интерактивті құрылғылар, интерактивті тақта, мультимедиялық проекторлар мен интернет желісі жұмыс жасайды.

Тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша студенттердің білім алуына толықтай жағдай жасалған. Атап айтатын болсақ, соңғы үлгідегі қондырғылар мен жабдықталған асхана және кухня блогы жұмыс жасайды. Мұнда студенттердің практикалық сабақтарын ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған.

Оқытушылар мен өндірістік оқу шебері оқу үрдісінде оқыту мен тәрбие беруде жаңашыл бағытта, оқу – әдістемелік жаңа технологияларды кеңінен пайдаланып келеді. Инновациялық технологияларды өз сабақтарында пайдаланып, әр түрлі шығармашылық тақырыптарда жұмыс жасап, озат тәжірибелері колледж ішінде таратылған оқытушылар мен оқу шеберлеріміз бар. Оқу үрдісінде жаңа технологияларды пайдалану және оның білім сапасын арттырудағы ролі туралы, модульдік оқыту технологиясы мен ақпараттық технологияларды пайдалануды жолға қою мақсатында педагогикалық оқулар, семинар, практикумдар және әдістемелік апталықтар ұйымдастырылып отырылады. Колледждің әдістемелік жұмысы 6 әдістемелік бірлестікке бөлініп ұйымдастырылып келеді. ОларТехникалық мамандықтар, Қызмет көрсету, экономика және басқару, Энергетика және құрылыс, Тілдер және қоғамдық пәндер, Жаратылыстану пәндері, Дене тәрбиесі және алғашқы әскери дайындық пәні бірлестіктері. Колледждің 420 адамға арналған оқу кешені бар. Онда бас оқу корпусы, қосымша оқу корпустары, оларда 23 оқу кабинеттері, қоғамдық – тұрмыстық корпус, оның ішінде 120 орындық асхана, 160 орындық мәжіліс залы, және спорт залы бар. Оқу шеберханасы, онда техникаларды жөндеу және слесарлық істер шеберханасы, 6 оқу зертханасы, 6 оқу цехтары орналасқан. Сонымен қатар, колледжде шалғай жерлерден келіп оқитын студенттерге арналған заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізілген 100 орындық жатақхана, студенттердің демалатын бөлмесі, кітапхана, оқу залы, студенттердің тамақ дайындайтын жабдықталған бөлмесі, жуынатын бөлмелері және дәрігерлік пункт орналасқан.

Студенттердің оқу – өндірістік жұмыстарын ұйымдастырға қызмет жасайтын әртүрлі маркалы 10 автокөлік, 10 трактор, 23-тен астам ауылшаруашылық машиналары, әртүрлі маркадегі станоктар мен және қондырғылармен жабдықталған. Құрманғазы аграрлы – техникалық колледжі студенттердің кәсіптік практикадан өтуіне және бітірушілрдің жұмысқа орналасуына жағдай жасау мақсатында аудан көлеміндегі мекемелермен, кәсіпорындармен, өндірістік мемелермен және жеке шаруа қожалықтарымен тығыз байланыс жасап отырады. Атап айтқанда аудандағы ірі Құралай корпорациясымен, Мақаш, Каспий балық, Құрманғазы өндірістік кооперативтерімен, Газификация, Ақжонас ЖШС – терімен және жеке кәсіпкер Шаяхметов кәсіпорындарымен әлеуметтік әріптестік туралы шарт жасасып жүйелі жұмыстар жүргзіліп келеді. Жұмысшы кадрлар мен мамандар даярлау мәселелері бойынша колледжде жоспарлы семинар – тренингтер өткізіліп отырады. Аймақ экономикасы дамытуда қажетті кадр даярлауда мемлекеттік, жеке меншік әріптестік семинарларын жылма жыл өткізу үрдіске айналып, оған аудандағы бизнес өкілдері, мекеме басшылар, атқарушы және өкілетті органдар өкілдерімен кәсіптік білім беру ұйымдары басшылары қатынасып болашақта осы саланы дамыту жөнінде нақты ортақ пікірлер айтылып, ұсыныстар беріліп отырылады. Білім алушылардың мансаптық өсуіне және оларды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жөнінде құрылымдар құру және дамыту мақсатында аудан әкімдігімен бірлескен жұмыстар жүргізіліп, аудандық білікті жұмысшылар мен мамандарға деген қажеттілігін болжау жөнінде үйлестіру кеңесі құрылды. Сонымен бірге көршілес Ресей Федерациясы Астрахань облысының Красный Яр, Володар аудандарының кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерімен әріптестікті дамыту жөнінде нақты байланыс жасалып, тәжірибе алмасу бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді.

Құрманғазы аграрлы – техникалық колледжі бойынша тәрбие жұмысы ҚР Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы «22» сәуірдегі №227 бұйрықпен Бекітілген Тәрбиенің тұжырымдамалық негізінде жасалынып, жүргізіліп келеді. Әр топтарда тәрбиелік шаралар, колледжішілік шаралар, мамандық апталықтары, спорттық сайыстар өткізіліп отырылады. Колледжде студенттердің қызығушылығына байланысты түрлі спорттық секциялар, клубтар мен үйірмелер жұмыс жасайды. Оған барлық студенттер тартылған. Жастардың көшбасшылығын қолдау мақсатында құрылған студенттік кеңес жастар комитетімен бірлесе отырып, оқуға саналы көзқарасын қалыптастыру, тәрбиелік бағытта жұмыстар атқаруда.

Киелі қара шаңырақ 50 жылдан астам уақыт бойы аудан экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып, жастарға кәсіптік білім беру ісімен айналысып келеді.

 

Мәтін қосу үшін формасы

Защитный код Суретті жанарту